ҰБТ қорытындысы

2012 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және бақылау мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп тиісті жұмыстар жүргізілген.Департамент қызметкерлері қаңтар-сәуір айларында биылғы ережедегі өзгерістерге сәйкес барлық жалпы орта білім беру ұйымдарында болып ақпараттық-түсін­дірмелік жұмыстар жүргізді, БАҚ-да мақалалар жарияланып, телеарналарда сұхбаттар беріліп, облыстық семинар-кеңес өткізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес департамент қызметкерлері биылғы ҰБТ-дің өткізілу барысына министрлік өкілі ретінде бақылау жүргізді. Ол үшін облыстағы 8 Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункт­терінің барлы­ғына біздің 9 қызметкер жіберілді. Облыс бойынша 80 аудиторияға министрліктің 94 өкілі бақылау жасады.

Биылғы ҰБТ өткізудің ерекшеліктерінің бірі – бақылаудың күшейтілгендігінде. Атап айтқанда, тестілеу өткізілетін аудиторияларда ұялы телефондарды тұншықтырғыш қондыр­ғылардың, бейнекамералардың орнатылуы және жылдағыдай аудиторияларда жергілікті жерден жасақталған кезекшілер емес, Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің бақы­лауы болды.

Облыс бойынша маусым айының 1-3-5 күндері өткізілген тестілеу қорытындысымен төмен нәтиже иеленген оқушылардың көп бо­луы – осы көріністің дәлелі. Олай дейтініміз, тестілеу басталғанға дейін оқушылардан ұялы телефонның, шпаргалкалардың алынуы оқушы­лардың көпшілігінің биылғы тестілеуді өз білімімен тапсыруға толық дайын емес екендігін көрсетті. Атап айтқанда, облыс бойынша тестілеу өткізу күндері оқушылардан шпаргалкаларды айтпағанда екі мыңнан астам ұялы телефон алынды. Тіпті, ҰБТ кезінде ұялы телефон пайда­ланғаны анықталған 8 оқушыға аймақтардан келген министрлік өкілдері тарапынан ережеге сәйкес арнайы акт толтырылып, аудиториядан шығарылып және олардың жұмыстарының нәтижелері жойылған.

ҰБТ өткізу кезінде министрлік өкілдері, оның ішінде департамент қызметкерлері тарапынан балаларға қысым жасау, олардың құқықтарын шектеу, ережеден тыс талаптар қою орын алған жоқ.

Тест сұрақтарын ұлттық тестілеу орталы­ғын­да жоғары санатты, тәжірибелі мектеп ұстаздарынан құрылған сарапшылар әзірлейді. Әрине, тест сұрақтарының ішіндегі кейбір сұ­рақтарға оқушылар келіспеген жағдайда оқу­шылар аппеляциялық комиссияға өтініш беріп, ол бойынша сұрақтар республикалық тест орта­лығына жіберіледі, ондай жағдайлар да болды. Биылғы тестілеу барысында 200-ге жуық оқушы аппеляциялық комиссияға өтініш беріп, оның ішінде 17 оқушының өтініші қанағаттандыры­лып тиісті баллдары қосылды.

Алынған төмендегі мәліметтерге сәйкес бүгінгі күнге биылғы жылы облыс бойынша Байқоңыр қаласының мектеп бітірушілерін қоспағанда 8647 оқушы мектеп бітіріп, оның 6854-і ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірсе, тестілеуге қатысқаны 6786 оқушы. 68 оқушы түрлі себеп­термен тестілеуге қатысқан жоқ. Олар денсау­лығына байланысты, халықаралық ғылыми жоба жүлдегерлері болғандықтан, тестілеуден боса­тылды.

Байқоңыр қаласын қоспағанда биылғы жы­лы тестілеудің қорытындысы бойынша ең жо­ғары балл 121 (№10 облыстық дарынды ба­лаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты) болса, ең төменгі – 16 балды көрсетіп отыр. Бай­қоңыр қаласын қоспағанда «Алтын белгіге» үміткерлер саны 421 болса, оның ішінде дәлел­дегені 48 оқушы (11,4 пайыз), «Үздік аттестат­қа» үміткерлер саны 231 болса, оның дәлелде­гені 10 (4,4 пайыз) оқушы. Шекті балдан өтпеген бала саны 2402, ол барлық тестілеуге қатысқан оқушының 35,4% құрайды. ҰБТ қорытындысы бойынша Байқоңыр қаласын қоспағанда орташа балл 2011 жылы 90,4 болса, 2012 жылы 64-ті көрсетіп отыр.